30.09.16 — Жылу беру маусымына дайындық

Энергетика және энергия үнемдеу бөлімі,

2016 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша ақпарат

Облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерінің 2016-2017 жылдардың жаңа жылу беру маусымына дайындығы бойынша жұмыс тобының көшпелі отырыстарын өткізу бойынша бекітілген Кесте шеңберінде, Ақтоғай, Баянауыл, Железин, Ертіс, Качиры, Лебяжі, Май, Павлодар, Успен, Шарбақты аудандары мен Ақсу қаласында көшпелі отырыстар өткізілді. Сапарлар барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Н.Тұрғанов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерін жаңа жылу беру маусымына уақытында дайындауды қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Ағымдағы жылғы қыркүйектің бірінші онкүндігінде Республикалық комиссия Павлодар облысының энергетика инфрақұрылымының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерінің 2016-2017 жылдардың алдағы жылу беру маусымына дайындық деңгейін тексеруді жүзеге асырды. Тексеру жергілікті атқарушы органдардың алдағы жылу беру маусымына дайын екенін көрсетті.

Жалпы, энергия көздерінде күзгі-қысқы кезеңге кіруді қамтамасыз етуге жеткілікті жабдықтар дайындалды. Сонымен қатар көмір мен мазуттың нормативтік қор бар, барлығы 820,0 мың тонна көмір және 18,0 мың тонна мазут.

Электрмен, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінде жөндеу жұмыстары толық көлемде аяқталды, барлығы 1917,2 км электрмен жабдықтау желісі, 644 кіші станция, 39,2 км жылумен жабдықтау, 41,9 км сумен жабдықтау және су бұру желілері жөнделді, 360 әлеуметтік сала объектілерінің қазандықтары, 661 білім беру объектісі, 370 денсаулық сақтау объектісі, 378 мәдениет объектісі дайындалды.

Барлық 2422 көп қабатты тұрғын үйде қысқы кезеңде авариялық жағдайлардың алдын алуды көздейтін негізгі іс-шаралар орындалды (ішкі жүйені пресстеу, жылу тораптарын, су жылытқыштарды түгендеу).

2016-2017 жылдардың жылу беру маусымында облыс бюджеттік ұйымдарының қатты отынға қажеттілігі 158,5 мың тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта, тұтыну орындарына 148,9 мың тонна тас және қоңыр көмір жеткізілді (жылдық жоспардың 94%).