Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 27 қыркүйектегі № 188 өкімі

 

Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында және
республикалық баспасөзде жариялануға тиіс

 

Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеуді дайындау және өткізу мақсатында:

  1. Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылсын.
  2. Қоса беріліп отырған:

1) «ЕЛ ЖҮРЕГІ – АСТАНА» Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасы;

2) Комиссия туралы ереже;

3) Комиссияның құрамы бекітілсін.

  1. Қазақстан Республикасының Үкіметі Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдерімен бірлесіп:

1) екі ай мерзімде Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітсін;

2) Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын өткізу жөніндегі іс-шараларды уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етсін.

  1. Осы өкімнің орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

 

      Қазақстан Республикасының
Президенті                                                                Н. НАЗАРБАЕВ

 

Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 27 қыркүйектегі
№ 188 өкімімен
БЕКІТІЛГЕН

 

 «ЕЛ ЖҮРЕГІ — АСТАНА» Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ Астана, 2017 жыл

 Мазмұны

  1. Қазақстан Республикасының елордасы — Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеудің тұжырымдамалық негіздері
  2. Астананың 20 жылдығын мерекелеудің идеологемалары
  3. Мерекелеудің мақсаты мен негізгі міндеттері
  4. Тұжырымдаманы іске асырудың негізгі бағыттары
  5. Тұжырымдаманы іске асырудың негізгі кезеңдері
  6. Күтілетін нәтижелер

 

Бүгінде біз Қазақстанның елордасы — бұл біздің тәуелсіздігіміздің
салтанаты деп нық сеніммен айта аламыз. Астана —
болашаққа ұмтылысымыздың тарихымызбен, мәдениетімізбен
және дүниетанымымызбен ажырағысыздай байланысты символы

 

«»

Н.Ә. Назарбаев

 

Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 20 қазандағы № 3700 Жарлығына сәйкес 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Ақмола қаласы — қазіргі Астана қаласы Қазақстан Республикасының елордасы болып жарияланды.

Қазақстанның жаңа елордасының ресми түсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті.

Елорда күні — 6 шілде Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі болып табылады. 2018 жылы Астана қаласының елорда мәртебесін алғанына 20 жыл толады.

Елорданың мерейтойы — республикалық та, халықаралық ауқымдағы да оқиға. Астана — XXI ғасырдағы 10 жыл ішінде бой көтерген жалғыз елорда, ал Қазақстан — екі ғасыр тоғысында жаңа астана салған жалғыз ел.

Жаңа елорданың дамуы бүкіл Қазақстанды түбегейлі өзгертті, оны экономикалық қуатты және саяси тұрақты мемлекетке, жауапты да беделді халықаралық серіктеске айналдырды.

  1. Қазақстан Республикасының елордасы — Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеудің тұжырымдамалық негіздері

Астананың 20 жылдық мерейтойын мерекелеу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырудың тұжырымдамалық негіздері мынадай:

  1. Астана — Қазақстанның қалыптасқан әкімшілік, әлеуметтік-экономикалық және саяси орталығы. Қазақстанның елордасы мемлекетіміздің тәуелсіздік жылдары ішіндегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жетістіктерінің көрсеткіші, еліміздің қарқынды даму қуаты мен одан әрі дамуының жоғары әлеуетін көрсетуде.
  2. Астана құрылысы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихымен және жаңа астана салу идеясын алғаш ұсынып, іске асырған Қазақстан Республикасының Түңғыш Президенті — Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қызметімен тығыз байланысты.

Ел Президентінің Астананың дамуы туралы ұдайы назары мен қамқорлығы оны Еуразиядағы серпінді дамып келе жатқан, қазіргі заманғы және бәсекеге қабілетті қалаға айналуын қамтамасыз етті. 20 жыл ішінде Астана қаласы халқының саны 3,5 еседен астамға өсіп, 1 миллионнан астам адамды құрады. Осы кезең ішінде елорданың аумағы 258-ден 800 шаршы километрге дейін кеңейді.

  1. Бүгінгі елорда — Қазақстандағы барлық оң бастамалар мен өзгерістердің туұстары. Астана дамуға серпін берді, республиканың барлық өңірі үшін тартылу орталығы болып табылады.
  2. Астана — еліміздің жаңа мәдени және туристік орталығы. Елордада түрлі мәдениет мекемелері, соның ішінде концерттік залдар, сарайлар, мұражайлар, театрлар, кітапханалар, цирк, кинотеатрлар, жекеменшік көркемсурет галереялары, мәдениет және демалыс саябақтары жұмыс істейді.

Тәуелсіздік жылдары ішінде Астанада әлемдік деңгейдегі бірегей мүлдем жаңа мәдениет объектілері салынды, соның ішінде: «Астана-Опера» мемлекеттік опера және балет театры, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Тәуелсіздік Сарайы, Бейбітшілік және Келісім сарайы, «Қазақстан» орталық концерт залы бар.

  1. Елорда инновациялар мен білімнің халықаралық орталығы болуға ұмтылуда. Бірқатар жоғары деңгейдегі университеттер, зияткерлік мектептер жүйесі құрылды. Астанада 2010 жылдан бастап қазіргі заманғы және халықаралық танылған зерттеушілік Назарбаев Университеті табысты жұмыс істеуде, ол білім, ғылым мен инновациялар интеграциясымен айналысады. Назарбаев Университеті ел көшбасшыларының жаңа ұрпағын ғылым, технологиялар, кәсіпкерлік, медицина, мемлекеттік басқару мен білім беру салаларында оқытуды мақсат тұтқан.
  2. Астана — әлемдік әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамудың өзекті мәселелері бойынша халықаралық тілтабысу алаңы, халықаралық туризм үшін тартымды орталық. Ел үшін Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің өтуі аса маңызды оқиға болды.
  3. Бүгін Астана өзін халықаралық деңгейде Бейбітшілік және келісім қаласы ретінде танытты. Қазақстанның елордасында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Ислам ынтымақтастығы ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенімділік шаралары жөніндегі кеңестің маңызды іс-шаралары өтеді.

Қазақстан мен оның елордасының бастамалары этносаралық және конфессияаралық келісімге, шиеленіс жағдайларын шешуге, халықаралық деңгейдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке ықпал етеді.

  1. Астананың 20 жылдығын мерекелеудің идеологемалары

Астананың 20 жылдығын мерекелеу шеңберінде мынадай идеологемаларды пайдалану ұсынылады:

Астана құрылысы — ел тарихындағы және Қазақстан тәуелсіздігінің жылнамасындағы жаңа дәуір, АСТАНА — ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ РӘМІЗІ, оның маңызды жетістігі;

Қазақстан халқы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Ә. Назарбаевпен бірге оның қалыптасуы мен дамуына бар күш-жігерін салуда. АСТАНА — ПРЕЗИДЕНТ ИДЕЯСЫНЫҢ ІСКЕ АСЫРЫЛУЫ ЖӘНЕ БАРЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ЕҢБЕГІНІҢ НӘТИЖЕСІ;

Астана жетістіктері — бүкіл Қазақстанның жетістіктері. АСТАНА — ӨҢІРЛЕРДІҢ СЕРПІНДІ ДАМУЫНЫҢ ФАКТОРЫ, олардың ілгері басуының драйвері;

елорданың дамуы Қазақстан халқының бай мәдени мұрасының қайта өрлеуіне, сапалы білім мен білім культін қалыптастыру үшін жағдайлар жасауға ықпал етеді. АСТАНА — ҚАЗАҚСТАННЫҢ КЕМЕЛ БОЛАШАҒЫН ҚҰРУ ҮШІН ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢА ИДЕЯЛАРДЫ ЕНГІЗУДІҢ ҮЛГІСІ. Ел Президентінің «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілгендей, жаңғыру мен жаңа құндылықтарды қалыптастыруға ұмтылу — бәсекеге қабілетті Қазақстан дамуының негізгі қағидаты;

елордамыз Астана Қазақстанның әрбір азаматының жүрегіне жақын және оның құндылығы жалпыұлттық сипатқа ие. Осыған байланысты АСТАНА — ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАСИЕТТІ ОРТАЛЫҒЫ, әрбір қазақстандықтың мақтанышы;

Астана әлемдік қоғамдастықтың тұрақты дамуына бағытталған маңызды саяси, экономикалық және гуманитарлық-бітімгерлік бастамалар көтеруде. Сондықтан АСТАНА ЖАҺАНДЫҚ БАСТАМАЛАР ОРТАЛЫҒЬІ, халықаралық күн тәртібін қалыптастырудың белсенді қатысушысы.

Қазақстанда бейбітшілік пен келісім орнатудың іс-тәжірибесі, сондай-ақ еліміз бен оның Президентінің халықаралық беделі Астанада мәдениеттер мен әлемдік діндер диалогын ұйымдастыруға мүмкіндікті қамтамасыз етті. АСТАНА — БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ ҚИЫЛЫСЫ, бейбіт келіссөздер мен әлемдік діндер диалогын жүргізу алаңы.

  1. Мерекелеудің мақсаты мен негізгі міндеттері

Қазақстан Республикасының елордасы — Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеудің негізгі мақсаты — Қазақстан тәуелсіздігінің бас рәмізі және табысты даму факторы ретінде қаланың одан әрі белсенді дамуы болып табылады.

Елорда мерейтойын мерекелеудің негізгі міндеттері:

Қазақстанның жетістіктерін паш ету, Астананың қазіргі заманғы және қауіпсіз қала, республиканың тарихи-мәдени, ғылыми-білім беру және іскерлік орталығы, елдің инвесторлар үшін тартымды экономикалық дамуының көшбасшысы ретіндегі оң имиджін ілгерілету;

қазақстандықтардың қоғамдық санасында Қазақстан Республикасының Түңғыш Президенті — Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан мен оның елордасының қалыптасуы мен дамуындағы ауқымды тарихи рөлін одан әрі нығайту;

Ел Президентінің «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында баяндалған қазақстандық мемлекеттілік, қоғамның шоғырлану құндылықтары, бейбітшілік пен өркендеу, «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы міндеттерге қол жеткізуде азаматтар бірлігін қамтамасыз ету және қоғамдық сананы жаңғырту идеясын нығайту;

Тәуелсіздіктің, Ұлттың рухани жаңғыруының, бүкіл Қазақстанның табысты дамуы драйверінің басты рәмізі ретінде Астананың айрықша мәнін ілгерілету;

қазақстандықтардың өз елінің елордасы үшін мақтаныш сезімін көтеру және оларды республиканың барлық аумағы бойынша мерекелік іс-шараларға тарту;

Астана мен Қазақстанның мәдениет пен спорттағы үздік жетістіктерін көрсетуге бағытталған мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар ұйымдастыру;

Астананың мерейтойын мерекелеуге елдің барлық өңірінің белсенді қатысуын қамтамасыз ету;

қазақстандықтардың қоғамдық санасында елорда бейнесін Қазақстанның қасиетті орталығы ретінде қалыптастыру;

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін «Болашақ энергиясы» тақырыбында табысты өткізген Астана имиджін инновациялардың халықаралық орталығы ретінде бекіту;

Астананың туристік тартымдылығын дамыту;

Қазақстанның мәдениет пен туризмі саласында кәсіпкерлік қызметті жандандыру;

Астананы абаттандыру деңгейін көтеру;

қалалық қоғамдастықты нығайту және қала тұрғындарын елордада өмір сүру сапасын жақсартуға тарту.

Қазақстан мен Астана қаласының жетістіктерін паш ету халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі барлық жоспарланған қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, кәсіби-салалық іс-шаралар мен естелік оқиғалардың негізіне кіріктірілуге тиіс.

Алда тұрған іс-шаралардың маңызды сипаттамаларының бірі азаматтардың әл-ауқаты мен әлеуметтік-экономикалық сезінуін жақсартуды қамтамасыз ететін олардың әлеуметтік бағытылығы болуға тиіс.

Мерекелік іс-шараларды дайындау мен өткізу кезінде үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени, ардагерлер мен жастар бірлестіктерінің өкілдерін, мәдениет қайраткерлерін, еңбек ұжымдарын, бизнес-қоғамдастықты белсене тарту қажет.

Іс-шаралар атаулы сипатта болып, азаматтарда ел жетістіктеріне қосқан жеке үлесім бар деген ой-сезім қалыптастыруға ықпал етуге тиіс.

  1. Тұжырымдаманы іске асырудың негізгі бағыттары

Тұжырымдаманы іске асыру елдің барлық аумағында ұйымдастырушылық, ақпараттық, имидждік, абаттандырушылық және басқа да іс-шаралар кешенін өткізуді көздейді.

Ұйымдастырушылық шаралар:

Тақырыптық «дөңгелек үстелдер», ғылыми конференциялар, симпозиумдар мен семинарларды, оның ішінде Президенттің тәуелсіз Қазақстан мен оның елордасы құрылысындағы рөлін, Астананың өңірлерді дамытудағы мәні мен қосқан үлесін ой елегінен өткізуге бағыттап ұйымдастыру;

Астананың жаһандық әлемдегі рөлін, Қазақстан елордасында түрлі тақырыпта өткен ірі халықаралық форумдардың, саммиттердің, съездердің, келіссөздер процестерінің, көрмелердің әлемдік даму үшін нәтижелері мен маңызын ашатын республикалық және халықаралық іс-шаралар ұйымдастыру;

мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу, соның ішінде мәдениет пен өнер саласындағы қазақстандық және әлемдік жұлдыздардың қатысуымен концерттер, фестивальдар, көрмелер, кездесулер өткізу;

спорт жарыстарын және түрлі жастағы санаттар үшін сауықтыру іс-шараларын ұйымдастыру;

жасампаз және таптаурын емес түрде мемлекеттілік құндылықтарды танымал етуге, оның атрибуттарына құрметпен қарауды қалыптастыруға бағытталған флешмобтар, «оупен-эйр» форматындағы іс-шаралар өткізу бойынша жастардың бастамаларын қолдау;

кітапханалар мен музейлерде тақырыптық экспозициялар өткізу;

мемлекеттік мекемелердің, барлық меншік түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдардың еңбек ұжымдарында мерекелік салтанатты іс-шаралар ұйымдастыру;

өңірлердің күшімен және ресурстарымен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынған елорда объектілерінің құрылысына тікелей қатысқан азаматтарға құрмет көрсетуді өткізу;

жаңа өнеркәсіптік және әлеуметтік-мәдени объектілердің пайдалануға берілуін мереке қарсаңына орайластыру;

көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік осал жіктері өкілдеріне, ел дамуына айрықша үлес қосқан азаматтарға тұрғын үй беру;

аз қамтылған отбасылардағы балалар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, мектеп олимпиадаларының, сайыстар мен жарыстардың жеңімпаздары үшін елордаға экскурсиялар ұйымдастыру;

халықтың әлеуметтік осал жіктерін қолдауға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетуге бағытталған жәрмеңке-сатылымдар, қайырымдылық акцияларын өткізу;

әр өңірдің Астанаға деген нышандық естелік тартуы ретінде, іргелес аумақтарын абаттандыра отырып, ескерткіштер мен шағын сәулеттік нысандар салу және басқалар.

Ақпараттық шаралар:

электрондық және баспа БАҚ-та елорда мерейтойын мерекелеуді кеңінен ақпараттық сүйемелдеу;

арнайы тақырыптық айдарлар мен бөлімдер ашу, мерекелік бағдарламалар, концерттер циклін шығару мен көрсету;

елорда мерейтойын мерекелеудің идеялық мәні мен маңыздылығын түсіндіруге бағытталған бейнероликтер мен бағдарламааралық қосымшалар дайындау мен көрсету;

Астана мен тәуелсіз Қазақстан туралы деректі және көркем фильмдерді кеңінен көрсету;

елорданың басты сәулетшісі ретінде ел Президенті туралы деректі фильмдер мен телевизиялық бағдарламалар циклын дайындау;

Астана мерейтойының, мемлекет тәуелсіздігінің, ел Президентінің бағдарламалық құжаттарында белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін қоғамның шоғырлануының маңыздылығын түсіндіруге бағытталған республикалық және өңірлік баспа БАҚ-та өрістетілген іргелі мақалалар (сұбхаттар) серияларын дайындау;

танымал интернет-ресурстарда әлеуметтік медиа мақалалар (сұбхаттар) мен аудиовизуалдық тақырыптық материалдар тарату;

тақырыптық медиа өнім дайындап, оны әлеуметтік желілер мен мобильді қосымшаларда (инфографика, постерлер, бейнеқұттықтаулар және басқалар) тарату;

мерекелеуді шетелдік БАҚ-та ақпараттық сүйемелдеу.

Имидждік шаралар:

мерекенің идеялық мазмұнын ескере отырып Астана мен басқа өңірлер пункттерінің алаңдары мен көшелерін сыртқы безендіру;

имидждік материалдар шығару мен прокаттау;

Астананың қалыптасу тарихы мен оның тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы рөлі туралы кітаптар, брошюралар мен альбомдар шығарып, тарату;

Астананың қасиетті орындарының республикалық түсаукесері;

«Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасына қатысушыларды мерейтойлық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге тарту;

барлық өңірлерде Астанада ЭКСПО-2017-ні өткізу қорытындылары мен оның перспективасы тақырыптарына арналған имидждік іс-шаралар кешеніне өткізу;

Қазақстан Республикасының барлық шетелдік мекемелерінде елорда мерейтойына арналған салтанатты қабылдаулар өткізу.

Абаттандыру шаралары:

Астананы абаттандыру және қажетті инфрақұрылым құру жөніндегі жұмыс;

әлеуметтік-мәдени және экономикалық саладағы, соның ішінде елдің барлық өңірінде, жаңа объектілер салу мен олардың тұсаукесері;

елдің барлық өңірінде елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту, алдағы мерекеге орайластырылған жаңа саябақтар мен аллеялар ашу.

  1. Тұжырымдаманы іске асырудың негізгі кезеңдері

Елорданың 20 жылдық мерейтойын мерекелеу үш кезеңнен тұратын болады:

дайындық кезеңі: 2017 жылғы 10 желтоқсанға дейін;

негізгі кезең: 2017 жылғы 10 желтоқсаннан бастап — 2018 жылғы 6 шілдені қоса алғанда;

мерекеден кейінгі кезең: 2018 жылғы 6 шілдеден бастап — 2018 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанда.

Бұл ретте, 2018 жыл мерейтойлық жыл екендігін ескере отырып, жоспарланған іс-шаралар күнтізбелік жыл бойы өткізілетін болады.

Тұжырымдаманы іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдерімен бірлесіп Қазақстан Республикасының елордасы — Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеуді дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітеді.

  1. Күтілетін нәтижелер

Астана қаласын одан әрі абаттандыру мен дамыту.

Елорданың және жалпы Қазақстанның имиджі мен туристік тартымдылығын арттыру.

Тәуелсіз Қазақстанның елордасы — Астананың дамуы үшін қазақстандықтардың бірлігі мен мақтаныш сезімін нығайту.

Астананың және тұтастай алғанда Қазақстанның одан әрі дамуына жастарды және әлеуметтік белсенді азаматтарды белсенді тарту.

 

Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 27 қыркүйектегі
№ 188 өкімімен
БЕКІТІЛГЕН

 

 Қазақстан Республикасының елордасы — Астана қаласының 20 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі комиссия туралы ЕРЕЖЕ

  1. Жалпы ережелер
  2. Қазақстан Республикасының елордасы — Астана қаласының 20 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі комиссия (бұдан әрі — Комиссия) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
  3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
  4. Комиссия оның төрағасынан, екі орынбасарынан, хатшысынан және мүшелерінен тұрады.
  5. Комиссияның дербес құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
  6. Комиссияның міндеттері, функциялары және өкілеттіктері
  7. Комиссияның міндеті 2018 жылы Қазақстан Республикасының елордасы — Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеуді дайындау және ұйымдастыру болып табылады.
  8. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:

1) 2018 жылы Қазақстан Республикасының елордасы — Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеуді дайындау және ұйымдастыру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеп, Мемлекет басшысының қарауына енгізу;

2) мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының елордасы — Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеуді дайындау және ұйымдастыру жөніндегі қызметін үйлестіру.

  1. Комиссия:

1) өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды орталық және жергілікті мемлекеттік органдардан сұратуға;

2) Комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Комиссия отырыстарында орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың өкілдерін тыңдауға;

3) Комиссияның құзыретіне жататын нақты проблемалар мен мәселелер бойынша ұсыныстар тұжырымдау мақсатында кіші комиссиялар, жұмыс топтарын құруға;

4) өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешім қабылдауға құқылы.

  1. Комиссияның қызметін ұйымдастыру
  2. Комиссияның отырысы қажеттілігіне қарай өткізіледі.
  3. Комиссия мүшелерінің жалпы санының үштен екісі қатысқан жағдайда Комиссияның отырысы заңды болып табылады.
  4. Комиссияның шешімдері отырысқа қатысып отырған мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Комиссия мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.
  5. Комиссия отырысына Комиссия мүшесі болып табылмайтын лауазымды тұлғалар, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.
  6. Комиссия төрағасы:

1) Комиссияның қызметіне басшылық жасайды және оның отырыстарында төрағалық етеді;

2) Комиссияның атқарған жұмыстары туралы Қазақстан Республикасының Президентін хабардар етіп отырады.

  1. Төраға болмаған кезде оның міндеттерін төраға айқындайтын орынбасары орындайды.
  2. Комиссия хатшысы:

1) Комиссияның мүшелеріне оның отырыстарының уақыты мен орны туралы хабарлайды;

2) Комиссия отырыстарына материалдар дайындауды ұйымдастырады;

3) Комиссия отырыстарының хаттамаларын ресімдейді;

4) Комиссия төрағасына оның қабылдаған шешімдерінің уақтылы және сапалы орындалуын бағалай отырып, атқарылған жұмыстар туралы оның мүшелері әзірлеген есепті ұсынады;

5) Комиссия төрағасының тапсырмасы бойынша өзге де функцияларды жүзеге асырады.

  1. Орталық мемлекеттік органдар Комиссияға, оған жүктелген міндеттерді орындау бойынша жәрдем көрсетеді.
  2. Комиссияның жұмыс органы Астана қаласының әкімдігі болып табылады.

 

Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 27 қыркүйектегі
№ 188 өкімімен
БЕКІТІЛГЕН

 

 Қазақстан Республикасының елордасы — Астана қаласының 20 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі комиссияның ҚҰРАМЫ

 

 

Жақсыбеков
Әділбек Рыскелдіұлы
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, төраға
Мамин
Асқар Ұзақбайұлы
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары, төрағаның орынбасары
Исекешев
Әсет Өрентайұы
Астана қаласының әкімі, төрағаның орынбасары
Жакенов
Берік Оралұлы
Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы, хатшы
Комиссияның мүшелері:
Абаев
Дәурен Әскербекұлы
Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі
Әбдірахманов
Қайрат Құдайбергенұлы
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі
Балаева
Аида Ғалымқызы
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі
Қасымбек
Жеңіс Махмұдұлы
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі
Касымов
Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі
Құл-Мүхаммед
Мұхтар Абрарұлы
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары (келісім бойынша)
Мыңбай
Дархан Қамзабекұлы
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі
Мырзахметов
Абылай Исабекұлы
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы (келісім бойынша)
Мұхамедиұлы
Арыстанбек
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі
Сүлейменов
Тимур Мұратұлы
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі
Сұлтанов
Бақыт Тұрлыханұлы
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі
Оразалин
Оңдасын Сейілұлы
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары
Шөкеев
Өмірзақ Естайұлы
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, Астана қаласының құрметті азаматы (келісім бойынша)