Сұхбат

Техникалық шарттар беру мерзімдері

            Техникалық шарттар беру мерзімдері елеулі төмендеді (орнатылған қуаты 200 кВт дейін электр қондырғыларының тұтынушылары үшін 14-тен 5 күнге дейін). Электр энергиясын пайдалану қағидаларына сәйкес, энергия беру немесе энергия өндіру ұйымдары тұтынушыдан өтінім алғаннан кейін жаңа енгізілетін немесе қайта жаңғыртылатын электр қондырғыларына қосылуға келесі мерзімдерде техникалық шарттар береді: қуаты 500 кВт дейін – 5 жұмыс күні ішінде; қуаты 200-ден 1000 кВт дейін – 10 жұмыс күні ішінде, қуаты 1000 кВт астам – 15 жұмыс күні ішінде. Салынып жатқан объектілерді электрмен жабдықтау үшін тұтынушыға құрылыс кезеңінде уақытша техникалық шарттар беріледі. Олар энергия беру ұйымдарының электр желілеріне немесе энергия өндіру ұйымдарының электр қондырғыларына техникалық қосылу мүмкіндік болған жайдайда беріледі. Техникалық шарттарды беру және қайта ресімдеуге төлем алынбайды.

 

            Жобалық құжаттаманы келісу мерзімдері

            Энергия беру ұйымдарының тұтынушылардың жобалық шешімдерін келісу мерзімдері қысқарды (орнатылған қуаты 200 кВт дейін электр қондырғыларының тұтынушылары үшін 20-ден 3 күнге дейін). Тұтынушылардың электр қондырғыларын салуға, қайта жаңартуға немесе жаңғыртуға жобалық құжаттамасы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталғанға дейін техникалық шарттар беретін энергия беру немесе энергия өндіру ұйымдарымен келісіледі. Электр қондырғыларына жобалық шешімдерді келісу берілген техникалық шарттарға сәйкестігіне қатысты жүзеге асырылады. Техникалық шарттардан ауытқуы анықталған жағдайда, дәлелденген негіздемесі қоса берілетін жобалық құжаттаманы тұтынушыға техникалық шарттар берген ұйым талқылау үшін қайтарады.

 

            ҚР-ының электр энергетикасы саласындағы заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу

            Қазақстанда электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу бойынша қазақстандық бизнес үшін жағдайларды жақсартатын елеулі реформалар жүзеге асырылды. Электр энергетика саласындағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, электрмен жабдықтау желілеріне қосылуға техникалық шарттар беру мерзімдері қысқартылды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына рұқсат алу қажеттілігі жойылды. Енді жобашы электронды түрде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жұмыстардың басталуы туралы хабарлама жолдауы жеткілікті болады. Бұдан басқа, мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау бойынша органнан электр желілеріне қосылуға рұқсат алу қажеттілігі жойылады. Электрмен жабдықтау шарт жасаудың апталық мерзімі үш күнге дейін қысқартылды. Осы барлық өзгерістер кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететіні сөзсіз.

 

            Электрмен жабдықтау сенімділігі бойынша жағдай қалай қалыптасып отыр?

«Электр энергетикасы туралы» заңға сәйкес, электрмен жабдықтау сенімділігі көрсеткіштерінің нормативтерінің мәні, сонымен қатар оларды белгілеу тәртібі бекітілді. Энергия беру ұйымдары электрмен жабдықтау сенімділігі көрсеткіштерінің нормативтік мәнінен артық болмауға міндетті. «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодекспен нормативтік көрсеткіштерден артық болғаны үшін энергия беру ұйымдарына әкімшілік жауапкершілік көзделеді.